20-26 шілде аралығында Астанадағы Beeline Arena Ұлттық теннис орталығының хард корттарында ересектер арасында Қазақстан Республикасының теннистен жазғы чемпионаты өтті. Жарыс қорытындысы бойынша жеке және жұптық сында еліміздің үздік ойыншылары анықталды, деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясының (ҚТФ) баспасөз қызметі.
Әйелдер жеке сынында бірінші орынды Алматыдан келген Инкар Дюсебай иеленді, екінші орынды Астаналық Сандугаш Кенжибаева, үшінші орынды Ақтөбе облысынан Ева Корышева алды. Ерлер жеке сынында алтынды Ақтаудан келген Даниял Рахметуллаев жеңіп алды, күміс – Қызылорда облысынан Ерасыл Ердильда, қола – Ақтөбе облысынан Мансур Сайынов.
Әйелдер жұптық сынында Алматыдан Асылжан Арыстанбекова мен Еркежан Арыстанбекова жеңіске жетті. Екінші орын Инкар Дюсебай (Алматы) мен Альбина Какенова (Астана) дуэтінде, үшінші орын – Айя Нупбай (Алматы) мен Анастасия Крымкова (Тараз). Ерлер жұптық сынында бірінші орынды Ерасыл Бахтияр (Астана) мен Ерасыл Ердильда (Қызылорда облысы) иеленді, екінші – Илияс Маратулы мен Ислам Орынбасар (Астана), үшінші – Тимур Сауленко мен Арсений Требухин (Алматы).
Турнир жеңімпаздары үшін басты жүлдек тек елдегі үздік атағы ғана емес, сонымен қатар «Қазақстан Республикасының спорт шебері» спорттық атағын беру құқығы болады.


