Астанада фельдшер Улдана Мырзуанның қайғылы қазасына қатысты сот процесі жалғасуда. Оған ғимараттың қасбеті құлаған еді. Бүгін сотта оның сол күні бірге болған әріптесі сөз сөйледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сол күні Улданамен бірге жұмыс істеген Дильназ Байзакова бұл оның демалыстан кейінгі алғашқы жұмыс күні болғанын айтты. «Аға етіп Улдананы қойды, мені көмекші етіп. Бұған дейін басқа бригадада жұмыс істегенмін. Әдеттегідей ауысымға келдік, белгілендік, сағат 8:00-де алғашқы шақырту берілді, біз қызмет көрсетіп, таңғы ас ішуге подстанцияға қайттық. Содан кейін Улдана 1-ші кезектіліктегі шақырту келгенін айтты. Себебі — қабырға құлаған», — деді ол.
Фельдшердің айтуынша, олар бірден оқиға орнына жетіп, ішінде адамдар тұрған дүкенге кірген. «Көшеде адамдар тұрды, "осында" деді, көп адам болды. Әрі қарай тағы бір кіреберіс және тар өткел болды. Біз өтіп, қарасақ — дүкенде бір әйел отыр, ал қираған үйінділердің астында тағы екі адам — әйел мен ер адам. Біз бірден көмек көрсете бастадық», — деді Байзакова.
Ол не құлағанын бірден түсінбегендерін, бірақ айналасында кірпіштер жатқанын айтты. «Біз бір адамды көтеріп, ішке кіргізбек болдық. Сол кезде үстімізге бірдеңе құлады, мен оның кірпіш екенін түсіндім. Мен құладым, бәрі тұманданып кетті, сосын тұрып, Улданаға қарасам, ол бетімен жатқан күйі жатыр. Мен оны көтердім, тірі жері қалмаған, құлағы мен мұрнынан қан бұрқырап ағып жатты», — деді қыз көз жасын тыя алмай.
Біраз үзілістен кейін ол жалғастырды. Дильназ «Улдана» деп айғайлағанын, келген екінші жедел жәрдем бригадасы Мырзуанды бірден каталкамен алып кеткенін айтты. «Мен аға дәрігерге қоңырау шалып, жалғыз қалғанымды, мұнда үш зардап шеккен адам бар екенін, бригада жіберуін айттым. Улдананы алып кеткеннен кейін ТЖМ келді. 5-10 минуттан кейін басқа бригадалар келді, осы уақытқа дейін зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеттім», — деді фельдшер.
Сұрақтарға жауап бере отырып, ол Улданаға не құлағанын көрмегенін, бірақ барлық жерде кірпіш жатқанын түсіндірді. Дильназдың өзінде ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты және уақытша амнезия анықталды. Оқиға орнынан оны соңғы болып алып кетті.
Еске салайық, бұған дейін сотта зардап шеккендер — оқиғадан кейін мүгедектік алған Гүлнур Қалиева және оның қоңырауынан кейін әпкесіне көмекке асыққан ағасы сөз сөйлеген болатын.


