Астанада түнгі клубтың жанында дәрет сындырған жас жігіт 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
Бұған дейін Астана полициясы қоғамдық орында дәрет сындырған 20 жастағы жігітті ұстаған болатын. Оқиғаның бейнежазбасы Threads әлеуметтік желісінде жарияланды.
Бүгін Астана соттарының Telegram-арнасында хабарланғандай, бұл факті бойынша іс Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды — Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша.
«Іс мән-жайы бойынша 17 қазан күні сағат 05.00-де А. есімді азамат Астана қаласындағы түнгі клубтың жанында болып, қоғамдық орында дәрет сындырып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сот отырысы барысында А. есімді азамат құқық бұзушылық жасағанындағы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Бұл әрекетті алкогольдік масаң күйде жасағанын қосып айтты», — делінген сот хабарламасында.
Сот жасалған құқық бұзушылықтың сипаты мен істің мән-жайын ескере отырып, ер адамды ұсақ бұзақылық жасағанында кінәлі деп таныды және оған 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енбеді.


