Анталья – Астана рейсінің жолаушысы бортындағы агрессивті мінез-құлқы және полицияға бағынбағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға ұшу әлі аяқталмай жатып болған: 44 жастағы елорда тұрғыны масаң күйде агрессивті мінез көрсетіп, балағат сөздер айтып, басқа жолаушыларға кедергі келтіре бастаған. Ұшақ Астана әуежайына қонған соң, бұзақыны көлік полициясы қызметкерлеріне тапсырған.

Алайда жерде де жағдай жалғасты. Polisia.kz ІІМ медиапорталының мәліметінше, ер адам полиция бөлмесіне жеткізілген кезде заңды талаптарды орындаудан бас тартып, бағынбаған. Нәтижесінде полицейлер арнайы құрал – қол кісенін қолдануға мәжбүр болған.

Тексеру қорытындысы бойынша ер адам алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда масаң күйде жүру фактісі бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық және құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне бағынбау фактілері бойынша материалдар сотқа жіберілді. Сот оны кінәлі деп танып, 10 тәулікке қамау жазасын тағайындады.

Көліктегі полиция департаменті әуе кемесінің бортында тәртіпті сақтау – ең алдымен барлық жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі мәселесі екенін еске салады.