Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлеуметтік желіде былапират сөздер айтып, есірткі затын көрсетіп тұтынған бейнежазба жариялаған ер адамның ісін қарады. Сот отырысының қорытындысы бойынша оған 20 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, 2026 жылғы 19 қыркүйекте сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және 440-1-бабының 1-бөлігі (есірткі затын медициналық емес мақсатта тұтыну) бойынша материалдарды қарады.

Отырыс барысында ер адам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялағаны, онда өзін дөрекі ұстап, былапират сөздер айтып, өзіне келмеген клиентке қарата сөйлегені анықталды. Сонымен қатар видеода ол жасыл түсті заттың жанған буын көрсетіп демалған.

2026 жылғы 18 қыркүйекте медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның есірткі затын медициналық емес мақсатта тұтынғаны анықталды. Құқық бұзушылықтарды Астана қалалық полиция департаменті 2026 жылғы 18 қыркүйекте әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықтаған.

Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Ол бейнежазбаны жаздың ортасында жариялағанын, нақты күнін есіне түсіре алмайтынын түсіндірді. Есірткі затын ұсталғанға дейін 3-4 күн бұрын тұтынғанын, келесі күні полиция бөліміне жеткізілгенін айтты.

Жасалған құқық бұзушылықтардың мән-жайы іс материалдарымен, оның ішінде ер адамның өз түсініктемелерімен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, бейнежазбамен және медициналық куәландыру қорытындысымен расталды.

Жасалған құқық бұзушылықтардың жиынтығын ескере отырып, ер адамға түпкілікті 20 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.