Астанада Threads әлеуметтік желісіндегі rhino.75623163 лақап атымен тіркелген қолданушы елордалық полицияға ерекше ұсыныс жасады — онымен бәс тігуге шақырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Құрметті полиция басқармасының өкілдері, бәс тігуді ұсынамын! Егер мен бір күн ішінде өз ауданымның аумағында 20-30 құқықбұзушылықты жеке өзім анықтасам, онда осы ауданға жауапты қызметкерді жұмыстан шығарасыздар немесе сол күні нарядта болған қызметкерлерге сөгіс жариялайсыздар. Мұны іс жүзінде дәлелдеуге дайынмын», — делінген жазбада.
Автор жазбаға мүгедектігі бар адамдарға арналған тұраққа қойылған жеңіл көліктің суретін қоса берген.
Жазба көптеген пікір тудырды. Оған Астана қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция полкінің арнайы батальоны жауап берді.
«Өтінішіңізді объективті қарау және тиісті шаралар қабылдау үшін ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне сәйкес хаттамада әкімшілік құқықбұзушылықтың жасалған күні, уақыты, орны автоматты түрде көрсетіледі. Бұл ретте күн мен уақытты қолдан (фоторедактор арқылы) қоюға жол берілмейді. Сонымен қатар, осындай фактілерді анықтаған кезде 102 арнасына хабарласу немесе күні мен уақытын көрсетіп, фото/видео өтінішті мобильді қосымшаға жіберу қажет», — деп жауап берді полицияда.


