Астана тұрғыны үйінің жанында түнгі уақытта фейерверк атып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қаласы соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, 4 қыркүйекте Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігіне (ұсақ бұзақылық) сәйкес азамат С.-ға қатысты істі қарады.

Іс материалдары бойынша, 2026 жылғы 4 қыркүйекте сағат 00:03 шамасында азамат С. үйінің жанындағы қоғамдық орында бірнеше рет пиротехникалық бұйымдарды атып, күшті дыбыстық және жарық эффектілерін тудырған. Осы әрекеттерімен ол қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік көрсеткен.

Сот отырысында С. кінәсін толық мойындап, істегеніне өкінетінін білдірді. Құқық бұзушылық жағдайы оқиғаның бейнежазбасымен расталды.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл, 20-дан 60 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстар немесе 5 тәуліктен 10 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуды көздейді.

Құқық бұзушылық сипатын және оның қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталғанын ескере отырып, сот С.-ға бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.