Астанадағы үйлену тойы бірнеше көліктің әкімшілік хаттамасымен және айыппұл тұрағына қойылуымен аяқталды: полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған кортежді анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қалалық полиция департаменті Instagram-парақшасында мәлім еткендей, үйлену кортежінің бес көлігі жол қозғалысы ережелерін бұзған. Жүргізушілерге апаттық жағдай туғызғаны, сондай-ақ жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Көліктердің өзі айыппұл тұрағына қойылды.

«Сонымен қатар полицейлер қозғалыс кезінде көлік терезесінен шығып, шу шығарып, қауіпсіз қозғалысқа кедергі келтірген 21 жастағы үш жолаушыны анықтады. Жас жігіттерге жаяу жүргіншілер мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзғаны, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Үшеуі де уақытша ұстау бөлмесіне қамалды. Оларға қатысты материалдар сотқа жіберілді», — деді полицияда.

Астана полиция департаменті мерекелік шараның жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген ережелерді сақтаудан босатпайтынын еске салады. Жүргізушілерге, жолаушыларға және қозғалыстың басқа да қатысушыларына қауіп төндіретін кез келген әрекет заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.