Астанада қалалық базар аумағында жасалған ұрлық ашылды: тергеу нұсқасы бойынша, үш ер адам алдын ала келісіп, рөлдерін бөліп алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Астана қалалық полиция департаментінің нақтылауынша, күдіктілер көліктен ішінде ақша мен алтын әшекейлер болған әйелдер сөмкесін ұрлаған. Жалпы материалдық шығын 500 мың теңгеге бағаланды.

«Тергеу барысында бейтаныс адамдардың базар аумағында тұрған "Lexus RX 270" маркалы көліктің салонына заңсыз кіріп, қоңыр түсті әйелдер сөмкесін жасырын ұрлағаны анықталды. Сөмкеде 80 мың теңге, 100 АҚШ доллары және алтын әшекейлер болған. Жалпы материалдық шығын 500 мың теңгені құрады. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — делінген полиция хабарламасында.

Жәбірленуші көлігін базар аумағындағы контейнердің жанына қалдырып, оны құлыптамағаны және қараусыз қалдырғаны белгілі болды.

«Бейнебақылау камераларының жазбаларын қарау кезінде күдіктілердің алдын ала келісіп әрекет еткені анықталды. Олардың біреуі жәбірленушінің соңынан еріп, оның әрекеттерін бақылаған. Екіншісі оқиға орнынан белгілі бір қашықтықта тұрып, айналадағы жағдайды қадағалаған. Үшінші күдікті көлікке жақындап, салонға кіріп, сөмкені ұрлаған. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілер әр жаққа тарап кеткен, алайда кейінірек базар аумағынан шыға берісте қайта кездесіп, оқиға орнынан бірге кеткен», — деп қосты полицияда.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Полиция азаматтарды құнды заттарды көлік салонында қалдырмауға, көлік құралын міндетті түрде құлыптауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады», — деп атап өтті полиция департаментінде.