Volkswagen Polo көлігінің иесі көшеде танысымен сөйлесіп тұрғанда, құлпы ашылмаған көліктен құны шамамен 1 миллион теңге болатын люкс Valentino сөмкесі ұрланды. Оқиға Астананың Шұбар шағын ауданында қараңғы уақытта болған. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.

Polisia.kz порталының мәліметінше, қылмыскер құлпы ашылмаған көлікке байқатпай жақындап, алдыңғы жолаушы орнынан сөмкені алып кеткен. Сөмкенің ішінде 60 мың теңге және жеке құжаттар болған.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ұрлықтан кейін келесі күні ол ұрланған сөмкені жасырып, ақшасын жұмсап үлгерген. Заттай дәлел алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Ұсталған адамның бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Құқық қорғау органдары қылмыскерлердің көлік иелерінің қысқа мерзімді абайсыздығын жиі пайдаланатынын ескертті. Олар көлік салонында сөмке, ақша, құжат және басқа да бағалы заттарды көзге көрінетін жерде қалдырмауға шақырды. Тіпті бірнеше минутқа кетсеңіз де, көліктің есіктері мен терезелерін міндетті түрде жауып, дабылға қою керек.