Астанада бейтаныс ер адам бөтен пәтерге кіріп, онда ұйықтап жатқан үш кішкентай баланың қасында шешініп жатып қалған. Кейін үйге оралған әкесін ұрып-соққан. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Оқиға 2 қыркүйекте болған. Оны Threads әлеуметтік желісіндегі madina_n__s деген пайдаланушы әңгімелеп берген. Оның айтуынша, әпкесі Астанада үш кішкентай баласымен — 6, 4 және 2 жастағы балаларымен тұрады. Таңғы 10:35-те әйел жұмысқа кеткен, балалар үйде ұйықтап қалған. Күйеуі жұмыстан шығып, жақында үйге келетінін айтқандықтан, ол пәтерден сабырлы түрде шыққан.

Шамамен 11:00-де әпкесінің күйеуі үйге келіп, есік алдында бөтен аяқ киімді көрген, ал кіреберіс есіктің тұтқасы сынған екен. Алдымен ол пәтерді немесе қабатты шатастырдым ба деп ойлаған, бірақ сыртқа шығып, өз пәтерінің жанында тұрғанын түсінген. Есікті ашып, іште мүлдем бейтаныс жалаңаш ер адамның үш кішкентай баланың қасында ұйықтап жатқанын көрген.

Әпкесінің күйеуі әуелі бейтаныс адамды тыныш оятып, балалар шошымас үшін пәтерден шығаруға тырысқан. Алайда ол көзін ашып, бірден ұрып, соққы бере бастаған. Әпкесінің күйеуі қорғануға мәжбүр болған. Үш баланың әкесі жарақат алғаны белгілі болды.

«Барлығы балалардың көзінше болды. Олар қатты шошып, жылап, көмекке шақыра бастады. Айқайға көршілер жүгіріп келді. Олар балаларды өздеріне алып кетіп, полиция шақырды. Содан кейін әпкеме қоңырау шалып, дереу үйге келуін айтты», — делінген жазбада.

NUR.KZ тілшісіне Астана қалалық полиция департаментінен хабарлағандай, полицияға пәтерде бейтаныс ер адам бар екені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келген.

«Тексеру барысында оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Алдын ала белгілі болғандай, ішімдік ішкен күйдегі ер адам көрші пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», — делінген хабарламада.