Астана қалалық жедел жәрдем стансасының бұрынғы директоры бюджеттен 443 млн теңгеден астам қаражатты жымқырғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге тағы екі бұрынғы қызметкер де нақты мерзімге сотталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
28 шілдеде үкімді Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты жариялады.
Іс материалдарына сәйкес, 2020-2023 жылдар аралығында, Қазақстандағы төтенше жағдай режимі кезінде, станса басшысы көліктік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы және бас механикпен бірге ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған. Жедел жәрдем көліктерін жөндеуге үнемдеу және тез жөндеу деген сылтаумен кәсіпорында меншікті техникалық қызмет көрсету стансасын ашқан, – делінген соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айыпталушылар санитарлық көліктерге арналған қосалқы бөлшектерді заңсыз есептен шығарып, нақты ешқандай жұмыс атқармаған мердігермен жөндеу шартын жасасқан. Нәтижесінде кәсіпорынға 443 млн теңгеден астам залал келтірілген. Сот анықтағандай, бұл ақша иемденілген.
Сонымен қатар, стансаның тағы бір қызметкері 2023 жылы қызмет бабын пайдаланып, кәсіпорын мүлкін 268 мың теңгеден астам сомаға жымқырған.
Бұрынғы директор және оның екі әріптесі кінәларын мойындамай, ақтауды сұраған. Алайда сот олардың қатыстылығы куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген деген қорытындыға келді. Сот қылмыстың төтенше жағдай режимі кезінде жасалғанын ауырлататын мән-жай деп таныды. Бұл ретте 443 млн теңге көлеміндегі залал әлі өтелмеген.
Нәтижесінде стансаның бұрынғы директоры мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салына отырып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Көліктік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы мен бас механикке де дәл осындай өмір бойы тыйым салына отырып, 8 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Төртінші айыпталушы 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды, алайда амнистия бойынша жазадан босатылды. Сот оның кінәсін мойындағанын, келтірілген залалды өтегенін және жәбірленуші тараппен татуласқанын ескерді.
Сондай-ақ сот сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 443 млн теңгеден астам өндіріп алу туралы азаматтық талапты толық қанағаттандырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін «Курсив» басылымы Бас прокуратураның 80 млн теңгеден астам қаражатты ұрлаған бухгалтерге қатысты амнистияның күшін жоюға қол жеткізгені туралы жазған болатын.


