Астанада екі маршруттық автобус қатысқан жол-көлік оқиғасынан кейін ондаған адам автомобиль көпірімен жаяу жүруге мәжбүр болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға бейнеге түсіріліп, Threads әлеуметтік желісінде жарияланды. gaukhar_akshabayeva деген қолданушы бірнеше автобус тұрған көпірмен неге ондаған адам жаяу жүріп жатқанын және сол жерде не болғанын сұрады.
Жағдайды түсіндіру үшін NUR.KZ тілшісі елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне жүгінді.
«10 қыркүйекте Yutong маршруттық автобусының жүргізушісі Сарайшық көшесімен Қошқарбаев даңғылы жағынан келе жатып, «Архар» көпірінен түсерде қауіпсіз бүйір аралықты сақтамай, оң жақтан қатарласып келе жатқан Iveco маршруттық автобусымен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Iveco маршруттық автобусының жолаушысы жедел жәрдем бригадасымен медициналық мекемеге жеткізілді», — деп түсіндірді Астана қалалық ПД-да.
Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатқаны, оның қорытындысы бойынша құқықтық баға берілетіні хабарланды.


