Астанада 10 наурызда ауа райының күрт нашарлауына байланысты оқушылардың бір бөлігі мектепке бармай, үйден білім алатын болды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, екінші ауысымдағы 0-6 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.

"Ауа райының қолайсыздығына (желдің күшеюі) байланысты 10 наурызда екінші ауысымдағы 0-6 сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшеді", - делінген ведомство хабарламасында.

Астанадағы ауа райы болжамы

Бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері Астана және Алматы қалаларына арналған алдағы үш күнге – 10, 11 және 12 наурызға арналған ауа райы болжамын ұсынған болатын.

10 наурызда елордада айырылмалы бұлтты, уақытымен қар, боран, тұман күтіледі. Солтүстік-батыс жел соғады, екпіні 15-20 м/с, күндіз кейде 23 м/с жетеді. Ауа температурасы түнде -8...-10, күндіз -6...-8 градус болады.

11 наурызда Астанада айырылмалы бұлтты, түнде қар, боран болады. Оңтүстік-батыс жел соғады, екпіні 15-20 м/с. Түнде ауа температурасы -25...-27, күндіз -13...-15 градусқа дейін төмендейді.

12 наурызда елордада бұлтты, қар мен боран күтіледі. Оңтүстік-батыс жел соғады, екпіні 15-20 м/с, кейде 23 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -13...-15, күндіз -3...-5 градус болады.