Шамамен 43–46 миллион жыл бұрын диаметрі 160 метр астероид Солтүстік теңіздің түбіне соғылып, биіктігі 100 метрден асқан цунами тудырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Хериот-Уатт университетінен Юисден Николсон бастаған геологтар Сильверпит кратерінің табиғаты туралы көпжылдық дауды шешті. Диаметрі үш шақырым болатын нысан Англия жағалауынан 130 шақырым жерде, 700 метрлік түпкі шөгінділер қабатының астында орналасқан. Оны 2002 жылы-ақ тапқан, бірақ ұзақ уақыт бойы тұз қабаттарының қозғалысының немесе вулканизмнен болған құлаудың салдары деп есептеп келді.

Ғарыштық текті жоғары ажыратымдылықтағы сейсмикалық түсірілім мен мұнай ұңғымасынан алынған жыныстарды микроскопиялық талдау арқылы дәлелдеуге мүмкін болды. Үлгілерден тек орасан зор соққы қысымында ғана пайда болатын деформацияланған кварц пен дала шпатының кристалдары табылды.

Модельдеу көрсеткендей, аспан денесі батыстан жалпақ бұрышпен құлаған. Соққы су мен тау жыныстарынан тұратын бағананы 1,5 шақырым биіктікке лақтырып, кейін құлаған су массасы алып толқын тудырған.

Сильверпиттің ашылуы ғылым үшін ерекше құнды, өйткені Жерде су астындағы соққы кратерлерінің небәрі 33-і ғана белгілі. Тектоникалық плиталардың қозғалысы мен эрозия салдарынан мұндай іздердің көбі жойылып кетеді, ал сақталған құрылым астероидтардың мұхитқа құлау салдарын тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.