Халықаралық астрономдар тобы бақылау тарихындағы ең алыс және ең жақын квазарлар жұбын анықтады. Оларды екі аса ауқымды қара құрдым қоректендіреді. Бұл нысандар Үлкен жарылыстан небәрі 900 миллион жыл өткенде пайда болып, қазіргі ғылыми теорияларға сыймайтын мөлшерге дейін өсіп үлгерген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ScienceDaily басылымы The Astrophysical Journal Letters журналына сілтеме жасап жазғандай, зерттеуге NSF NOIRLab зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Сильвия Онорато жетекшілік етті. Ашылым Aether бағдарламасы аясында «Джеймс Уэбб» ғарыштық телескопының (JWST) деректерін Гавайидегі Мауна-Кеа жанартауындағы «Джемини-Солтүстік» жерүсті телескопының деректерімен біріктіру арқылы мүмкін болды.
Жүйеге J1602+4228AB ресми белгісі және Наповаваэнакаулуа (Nāpōwawāʻenakaulua) гавайи атауы берілді.
Бұл жұптағы қара құрдымдардың арасы шамамен 18 100 жарық жылы, бұл Құс жолы галактикасы диаметрінің бестен бір бөлігіндей. Бір алыптың массасы Күн массасынан 1,5 миллиард есе, ал екіншісінікі шамамен 400 миллион есе деп бағаланады.
Оноратоның айтуынша, ғылымда Әлем жасы қазіргіден он үш есе аз болған дәуірде осындай бір квазардың өзі қалай қалыптасқанын нақты түсіндіретін жауап әзірге жоқ. Ғалымдар материяның аномальды жоғары тығыздығы мен жас галактикалардың жиі соқтығысуы қара құрдымдарды жылдам өсу үшін газдың орасан зор қорымен қамтамасыз етті деп болжайды.


