2026 жылдың қазанында аспан әуесқойлары екі ірі метеорлық ағынды — Драконид пен Орионидті, сондай-ақ бірнеше әлсіздеу жұлдыз жауынын тамашалай алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қазан айының басты метеорлық ағындары

1. Драконид метеорлық ағыны (6–10 қазан). Белсенділік шыңы: 8-ден 9 қазанға қараған түн. Метеор саны: сағатына 5-тен 15-ке дейін. Алайда бұл ағын күтпеген жарылыстарымен танымал — сол кезде қарқындылық күрт артуы мүмкін.

Бақылау шарттары: өте қолайлы.

Шың жаңа ай кезеңіне түседі, сондықтан аспан барынша қараңғы болады, ал Айдың жіңішке орағы ең көмескі метеорларды да жасыра алмайды.

Қайдан іздеу керек: ағынның радианты Айдаһар шоқжұлдызында орналасқан. Басқа ағындардан өзгеше, Драконидті ымырт түсе бастағанда және түннің бірінші жартысында бақылаған дұрыс. Метеорлар қызғылт реңді және салыстырмалы түрде баяу қозғалады.

Екінші жұлдыз жауыны: Орионид метеорлық ағыны (2 қазан – 7 қараша). Белсенділік шыңы: 21-ден 22 қазанға қараған түн (ең жоғары шоғырлану — түн ортасынан кейін, таңғы 4-ке таман).

Метеор саны: сағатына шамамен 15–20.

Бақылау шарттары: қолайсыз. Шамамен 80% фазадағы жарық Ай аспанды қатты жарықтандырады. Астрономдар түннің екінші жартысын күтуге кеңес береді — сол кезде Ай көкжиектен төмен түсе бастайды, ал ағынның радианты биіктей түседі.

Қайдан іздеу керек: метеорлар Орион шоқжұлдызындағы радианттан ұшып шығады. Орионидтер атақты Галлей кометасынан пайда болған. Олар өте жылдам (атмосфераға 66 км/с жылдамдықпен кіреді) және артында жиі жарқыраған із (иондалған газдан тұратын құйрық) қалдырады.

Шағын метеорлық ағындар

Ұзақ түнгі бақылау жоспарласаңыз, ай бойы әлсіздеу ағындардың метеорларын да байқауға болады:

Қазандық Камелопардалидтер — шыңы 5–6 қазан (сағатына 5 метеорға дейін, радианты Керік шоқжұлдызында).

Дельта-Ауригидтер — шыңы 11 қазан.

Оңтүстік Тауридтер — шыңы 13 қазан (метеорлар баяу, бірақ өте жарық).

Эпсилон-Геминидтер — шыңы 18 қазан.

Лео Миноридтер — шыңы 24 қазан.

Сәтті бақылауға кеңестер:

Қаладан шығыңыз: қаланың жарық шамдары метеорлардың 90%-ға дейінін жасырады. Жұлдыздарды ірі елді мекендерден 30–50 км қашықтықта бақылаған дұрыс.

Көзге үйренуге мүмкіндік беріңіз: толық қараңғылыққа бейімделу үшін көзге шамамен 15–20 минут қажет. Осы уақытта смартфон экранына қарамауға тырысыңыз.

Бұған дейін «Курсив» қыркүйектегі жұлдыз жауындары туралы жазған болатын.