Қазақстандық UFC өкілі Асу Алмабаев Real American Freestyle (RAF) лигасында американдық Джонни Диджулиуспен еркін күрес кездесуін өткізеді. Жекпе-жек 22 тамызда Кливлендтегі RAF12 турнирінде өтеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
RAF басылымы: «Диджулиус үшін үйдегі кездесу. Джонни Диджулиус 22 тамызда Кливлендтегі RAF12 турнирінде Асу Алмабаевпен кездеседі», – деп жазды.
Алмабаев UFC-дің ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингте жетінші орында тұр. Соңғы жекпе-жегінде ол Бакудегі UFC турнирінде Чарльз Джонсонды үшінші раундта Suloev stretch ауырту тәсілімен жеңді.
Джонни Диджулиус – кәсіби балуан. Студенттік кезінде Огайо штатының университеті үшін өнер көрсетіп, 115 жеңіске, 47 жеңіліске қол жеткізген. NCAA чемпионатына төрт рет іріктеліп, Cliff Keen Las Vegas Invitational турнирінде 60 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз болған. Қазіргі уақытта Диджулиус Кливленд мемлекеттік университетінің күрес командасында жаттықтырушының көмекшісі қызметін атқарады.
RAF12 турнирі 22 тамызда өтеді. Басты жекпе-жекте олимпиада чемпионы Джордан Барроуз бен UFC өкілі Шон Брэди кездеседі. Бірлескен басты жекпе-жекте кілемге UFC-дің бұрынғы чемпиондары Колби Ковингтон мен Белал Мухаммад шығады.
Real American Freestyle (RAF) лигасы – олимпиада чемпиондары, жетекші балуандар және танымал аралас жекпе-жек өкілдері қатысатын жекпе-жектер ұйымдастыратын американдық кәсіби еркін күрес ұйымы.


