Ацтек өркениетінің тарихын және испан конкистадорлары келгеннен кейінгі құлдырауын пиктограммалармен баяндайтын көне қолжазба 186 жылдан кейін Мексикада алғаш рет көпшілікке қойылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ацкатитлан кодексі» деп аталатын бұл қолжазба 1898 жылдан бері Францияның Ұлттық кітапханасында сақталып келеді. Алайда ол бұған дейін де ондаған жылдар бойы Мексиканың шегінен тыс жерде болған.

Ол XVI ғасырда — конкистадорлар қазіргі Мексика аумағына келгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң салынған деп есептеледі. Зерттеушілер оны ацтектер тарихының ең құнды әрі мазмұнды баяндауларының бірі санайды.

Франция «Ацкатитлан кодексін» Франция мен Мексика арасындағы қарым-қатынастың 200 жылдығына орай Мексикаға уақытша берді.

Оған жауап ретінде Мексика тағы бір баға жетпес құжат — «Ботурини кодексін» Францияда көрмеге қою үшін жіберуге келісті.

«Ботурини кодексіндегі» пиктограммалар ацтектердің, яғни мешикалардың атамекенінен Тескоко көлінің жағалауына қоныс аударуын баяндайды. Дәл сол жерде олар Теночтитлан қаласын тұрғызған.

Екі кодексті уақытша айырбастау туралы келісімді Мексика Президенті Клаудия Шейнбаум мен Франция Президенті Эммануэль Макрон өткен жылы Макронның Мексикаға сапары кезінде жасасқан.

Мексика өткен ғасырларда елінен әкетілген тарихи жәдігерлердің қайтарылуына көптен бері күш салып келеді. Мексиканың сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 2 мыңнан астам нысан отанына қайтарылған.

«Ацкатитлан кодексі» бейсенбі күнінен бастап Мехико қаласындағы Ұлттық антропология мұражайында қойылады.