Атыраудың жаңа әкімі болып бұрын «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарған Данияр Таханов тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Облыс әкімдігінің ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Атырау әкімі лауазымына Данияр Таханов тағайындалды.

Ол 1985 жылы Атырауда дүниеге келген. Бейжіңдегі Қытай мұнай университетін «өндірістік-коммерциялық басқару» және «өндірістік экономика» мамандықтары бойынша бітірген. «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасының түлегі.

Еңбек жолын 2009 жылы «ҚазҚұрылысСервис» АҚ-да бастап, түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2012 жылы Sinopec Engineering компаниясының қазақстандық филиалында инженер болып жұмыс істеген.

2012–2017 жылдары «Орал» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары және «Atyrau Innovations» ЖШС директоры қызметтерін атқарған.

2017 жылдан бастап «Атырау» ӘКК» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары және басқарма төрағасы болып жұмыс істеген. 2022 жылдың мамырынан бастап «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды.

Облыс әкімі Болат Ақшолақов жаңа қала әкіміне тұрғындардың өзекті мәселелерін жүйелі шешу жұмысын жолға қоюды тапсырып, жұмыспен қамту және жұмысқа орналастыру, инженерлік инфрақұрылымды дамыту, кәріз және энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, жылыту маусымынан өту, тұрғындарды апатты тұрғын үйлерден көшіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қаланы абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ өңір басшысы қалалық мәселелерді шешуде депутаттармен және тұрғындармен тығыз байланыста болу қажеттігін атап өтті.

Еске салайық, биылғы маусымда Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. ҰҚК-да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ желіде қала әкімінің м.а. Тилек Махуовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК-да олар да сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ұстаулар туралы жаңалықтардан кейін Атырау тұрғындары қала әкімі Шакир Кейкиннің қайда екенін және неге көпшілік алдында көрінбей қалғанын сұрай бастады. Атырау әкімдігінде ол ауру демалысында болғанын, бірақ жұмысқа шығып, өз міндеттерін атқарып жатқанын жауап берді. Екі апта бұрын Шакир Кейкиннің Атырау әкімі қызметінен кеткені белгілі болды. Содан кейін ол Instagram парақшасында пост жариялады.