Атыраудың бұрынғы әкімі Шакир Кейкин үш жылдан астам басқарған қала басшысы қызметінен кеткен соң тұрғындарға үндеу жасады. Ол тиісті жазбаны Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«2023 жылдың шілдесінен бүгінге дейін Атыраудың басшысы болып, туған қаламыздың дамуына өз үлесімді қосу мүмкіндігіне ие болғанымды үлкен жауапкершілік әрі құрмет деп санаймын», — деді Шакир Кейкин.

Ол осы уақыт ішінде инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру, әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту жұмыстары атқарылғанын қосты. «Қаланың дамуы — бір адамның ғана емес, барлық тұрғынның еңбегінің нәтижесі», — деп жазды экс-әкім.

Оның айтуынша, бұл жылдары қала тұрғындарымен жүздеген кездесу өткізіліп, олардың ұсыныстары мен тілектері тыңдалды, ешбір мәселе назардан тыс қалмады.

«Облыс басшылығына, әріптестеріме, қаланың барлық мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлеріне, еңбек адамдарына, қоғамдық ұйымдар мен белсенділерге, ең бастысы, маған көрсеткен сенімдері мен қолдаулары үшін Атыраудың әрбір тұрғынына алғыс білдіремін», — деді бұрынғы қала басшысы.

Ол әкім қызметіндегі жылдар өзі үшін үлкен мектеп болғанын атап өтіп, баршаға зор денсаулық пен отбасылық береке тіледі. «Ал сүйікті Атырау қаласына — тұрақты даму мен одан әрі табыс тілеймін», — деп қорытындылады Шакир Кейкин.

Еске салайық, ол Атырау әкімі қызметін 2023 жылдың шілдесінен бастап атқарған. Бүгін оның қызметтен кеткені белгілі болды. Биылғы маусымда Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. ҰҚК тергеуге дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде қала әкімінің м.а. Тилек Махуовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. ҰҚК де тергеуге дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ұстаулар туралы жаңалықтардан кейін Атырау тұрғындары қала әкімі Шакир Кейкиннің қайда екенін және неге көпшілік алдына шығуын тоқтатқанын сұрай бастады. Атырау әкімдігі оның еңбек демалысында болғанын, бірақ жұмысқа шығып, өз міндеттерін атқарып жатқанын жауап берді.