Атырауда Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) санитарлық-қорғау аймағында орналасқан үйлердің тұрғындарын көшіру мәселелерімен айналысатын ведомствоаралық комиссия жұмысын бастады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

NUR.KZ агенттігінің АМӨЗ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауынша, Атырау қаласының әкімдігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-пен бірлесіп, кейіннен жылжымайтын мүлік объектілерін алып қою мәселелерін шешу үшін санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) шегінде орналасқан жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушыларының тізімін нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ведомствоаралық жұмыс комиссиясы тұрғындардың өтініштерін қарайды, жеке кеңес береді, көшіру және өтемақы төлеу тәртібін түсіндіреді, сондай-ақ меншік иелерін тұрғын үйді бағалау нәтижелерімен таныстырады.

2026 жылғы қарашаның ортасында АМӨЗ-ге іргелес аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізу жоспарлануда. Онда жұмыс комиссиясының өкілдері атқарылған жұмыстың нәтижелерін түсіндіріп, халықтың сұрақтарына жауап береді.

«Жер учаскелері мен тұрғын объектілердің түпкілікті тізімі, олардың құқықтық мәртебесі, сондай-ақ құқық иеленушілер туралы мәліметтер тиісті жұмыс аяқталған сайын нақтыланатын болады», — деп қорытындылады АМӨЗ-де.