Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек гүл алғаш рет Атырау маңындағы Таскала ауылына жақын Перетаска өзегінде табылды. Бұрын лотос гүлдері тек Құрманғазы ауданында ғана байқалған. Бұл туралы Atameken Business хабарлайды.
Алғашқы болып өсімдікті жергілікті тұрғындар байқады. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары оқиға орнына барып, зерттеу жүргізді. Қазір лотостар шағын аумақта өсіп тұр. Өсімдіктің бұл жерге қалай келгені әзірге белгісіз: тұқым Жайық өзенінің ағысымен келді ме, әлде лотосты адамдар әдейі егіп қойды ма — бұл сұрақты әлі зерттеу керек. Аумақты бірнеше жыл бойы бақылау жоспарланып отыр.
«Тұқым негізінен су арқылы таралады. Бұл — Қызыл кітапқа енген әдемі әрі сирек кездесетін гүлдердің бірі. Қазіргі таңда лотостың ең танымал өсетін жері — Ганюшкино ауылы. Қазір бұл аумақ туристік нысан саналады. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, Таскала да туристік орынға айналуы мүмкін», — дейді «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты бөлімінің маманы Самал Багытжанова.


