Оқу жылының басталуына бірнеше күн қалды, ал Атыраудағы ата-аналар балаларының қайда оқитынын әлі білмейді. Олар өз ауданындағы мектеп құрылысын аяқтауды талап етіп отыр, деп хабарлайды infohub.kz.

Көктем шағын ауданының тұрғындары 600 орындық жаңа ғимаратты бес жылдан бері күтіп келеді. Жергілікті тұрғын Ильяс Кадировтың айтуынша, балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр, ал ата-аналар оларды қалыпты мектепке ауыстыруға үміттенеді. «Егер мектеп ашылмаса, оны тура айтсын — біз бекер үміттеніп жүрміз. Балаларымыз үш ауысымда оқиды. Біз оларды қалыпты мектепке ауыстырғымыз келеді. Егер бұл мектеп ашылмаса, кешіктірмей-ақ, балаларымызды бірден осында ауыстырғымыз келеді», — деп сұрақ қояды қала тұрғыны.

Ата-аналар бұл мәселемен әкімдікке бірнеше рет жүгінген, бірақ жауап алмаған. Атырау шетіндегі мектепті ашу туралы уәделер бірінші жыл емес. Бұған дейін мердігер ұйым кідірісті мемлекеттік бюджеттен қаражаттың уақытылы түспеуімен түсіндірсе, кейін сметаның өзгергенін айтқан.

Ал шенеуніктер құрылыс аяқталғанын мәлімдеп отыр. «Көктем шағын ауданында орналасқан 600 орындық мектептің құрылысы толық аяқталды. Барлық рәсімдер жүргізілді, қазір нысанды 1 қыркүйекте ашуға дайындап жатырмыз. Құрылыс жұмыстары жобаға өзгерістер енгізуге байланысты бүгінге дейін созылды», — деді Атырау облысы құрылыс басқармасы бөлімінің бастығы Алтынбек Қуанғали.