Атырау мұнай өңдеу зауытында басшы ауысты. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің жаңа бас директоры және басқарма төрағасы болып Мұратжан Мұсайбеков тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тағайындау туралы шешім кәсіпорын қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысында қабылданды. Жаңа басшыны зауыт ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.
Мұсайбеков «ҚазМұнайГаз» жүйесінде және мұнай-газ саласында бай тәжірибеге ие. Әр жылдары ол ҚМГ-ның мұнай-газ өңдеу және мұнай-химия жобаларын іске асыру жөніндегі директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Сондай-ақ ол «KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істеп, басқа да мемлекеттік және жеке құрылымдарда қызмет етті.
АМӨЗ-тің жаңа басшысының алдына операциялық тиімділікті арттыру және ашық түсті мұнай өнімдерінің шығымдылығын ұлғайту міндеттері қойылды. Сонымен қатар, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігін арттыру, экологиялық жобаларды жалғастыру және жұмысшыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау қажет. ҚМГ басшылығы зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.
Кәсіпорын қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысы бұрынғы бас директор және басқарма төрағасы Қуаныш Бишімовтің өкілеттігін тоқтатты.


