Атырауда Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы әскери дайындық мұғалімі кәмелетке толмаған оқушы қызбен хат жазысқаны туралы ақпарат тараған соң жұмыстан шығарылды. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ NUR.KZ тілшісінің сауалына жауап ретінде мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға оқушының туысы @ddaiurisss-тің Threads желісіндегі жазбасынан кейін жария болды. Оның айтуынша, ер адам қызға кездесуді ұсынып, түнде хат жазған.

«Хат жазысу барысында ол қыздың не істеп жатқанын, тамақтанғанын сұрап, жылы киінуге кеңес береді. Сыныптасы арқылы оның телефон нөмірін алып, түнде жазып, кездесуді ұсынады», — деп жазды ол.

Жазба авторының сөзінше, таныстары сұрақ қойған соң мұғалім өз әрекетін әзіл деп түсіндірген. Кейін ол, қыздың туысы жазғандай, өзін дұрыс түсінбеді деп айтып, хат жазысуды жалғастырған.

Оқушының отбасы оқу орнының басшылығына жүгініп, ресми тексеру жүргізілуін талап етпек.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ жарияланымға байланысты Мектеп қауіпсіздігі қызметі ішкі тексеру жүргізгенін хабарлады.

«„Назарбаев Зияткерлік мектептері“ АҚ Атыраудағы NIS-тің алғашқы әскери дайындық мұғалімі туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа байланысты Мектеп қауіпсіздігі қызметі ішкі тексеру жүргізгенін мәлімдейді. Тексеру оқушыларды қорғау жөніндегі қолданыстағы саясатқа сәйкес жүргізілді. Тексеру нәтижелері мен тәртіптік комиссияның материалдарды қарауы бойынша мұғаліммен еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасына сәйкес педагогикалық қызметті жалғастыруға үйлеспейтін аморальдық теріс қылық жасағаны үшін бұзылды», — делінген хабарламада.