Атырау облысында таспен басқаның көлігінің шынысын сындырған ер адам сот алдына келіп, 151 375 теңге айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атырау облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Жылыой аудандық соты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігіне (бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру) сәйкес әкімшілік істі қарады.
Сот анықтағандай, ер адам Құлсары қаласының 8-учаскесінде орналасқан ЖШС базасының аумағында жүріп, сол ЖШС-ке тиесілі Toyota Fortuner көлігіне тас лақтырған. Оқиға салдарынан көліктің сол жақ жүргізуші шынысы мен алдыңғы әйнегі сынған.
Сот отырысы барысында құқықбұзушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін білдірді. Оның кінәсі хаттамамен, іске қатысушылардың түсініктемелерімен, фото кестемен және істің басқа да материалдарымен расталады.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындау мен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот қаулысымен ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 151 375 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.


