Атырау облысының Құрманғазы ауданында жаңа мектеп ғимараты далада, Ақкөл ауылынан 3 км-ден астам жерде бой көтерді. Ата-аналар алаңдаулы: балалар оқу орнына өз бетінше бара алмайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылдан мектепке дейінгі жол үш шақырымнан асады. Ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап, оларды жалғыз жіберуге батылы бармай отыр.

«Өте алыс, қашықтық 3–4 км. Бала жаяу жүре алмайды. Жаяу жүрсе де, жол бір жарым сағаттан астам уақыт алады. Ол қауіпсіз асфальт жолмен жүрмейді!» — дейді ауыл тұрғыны Данагүл Серікқалиқызы.

Ақкөл тұрғындары мектепке апаратын топырақ жолдың мүлде жарықтандырылмағанын атап өтті. Сондықтан ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдаулы.

«Тұман болады, әртүрлі жағдай болады. Балаға қауіп төніп тұр. Жарық жоқ, ештеңе жасалмаған. Бұл біздің қателігіміз — барлық жағдай жасалмайынша, мектептің ашылуына жол бермеу керек еді. Балалар теміржол жанындағы ескі мектепте оқуы тиіс еді. Қазір балаларымызға қауіп төніп тұр деп есептейміз», — дейді жергілікті тұрғын Жансейіт Ахатұлы.

Тұрғындар аудандық білім бөліміне қыс мезгілінде балаларды мектепке және кері қайтару үшін автобус бөлуді сұрап жүгінді.

«Осы мәселелердің барлығы, ата-аналардың балалардың қашықтыққа байланысты мектепке бара алмауы туралы шағымдары тиісті органдарға жеткізіліп, жолданады. Қазір аудандық білім бөлімінің бұл мәселені өз күшімен шешуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан біз облыстық білім басқармасына осы мәселе бойынша ұсыныс дайындап жатырмыз», — дейді білім бөлімінің басшысы Жігер Жанқанов.