Атырау облысында уақытша ұстау изоляторының бастығы Грузияға жаяу бара жатқан шетелдік туристерге көмек көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 22 тамызда Атырау — Астрахань тас жолында болған. Чили мен Қытай азаматтары жаяу саяхаттап келе жатып, қатты ыстықтан ауыз сусыз қалып, жол жиегінде тоқтауға мәжбүр болған.

Осы кезде тас жолмен қызмет бабымен Курманғазы ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының бастығы Ерсін Ғайнетов өтіп бара жатқан. Шетелдік саяхатшыларды байқаған полицей бей-жай қалмай, көмек көрсету үшін тоқтаған. Ол туристердің денсаулығын сұрап, оларға қажетті сусындар сатып алып, жеткізіп салуды ұсынған. Сондай-ақ ол оларға бағытты анықтауға көмектесіп, жолды қауіпсіз жалғастыру үшін қажетті кеңестер берген.

Саяхатшылар көрсетілген көмек үшін алғыс білдірген. Шетелдік қонақтар олардың түпкі мақсаты — Грузия екенін айтқан. Саяхатты олар Қазақстан аумағы арқылы жалғастырған.