Атырау тұрғыны дастарқан басында жүректен пышақ сұққан танысын кешірді. Жанжал металл құрылымдар жасайтын цехта болған. Бұл туралы infohub.kz хабарлады.
Сот анықтағандай, дастарқан басынан шамамен бір сағат өткен соң жанжал шыққан. Айыпталушының айтуынша, төбелесте қарсыласынан күші кем болғандықтан, ол ас үй пышағын алып, бір соққы жасаған.
Сот-медициналық сараптама бойынша, жәбірленуші кеуде қуысынан өтпелі пышақ жарақатын алған. Нәтижесінде жүрек қабығы мен жүректің оң қарыншасы зақымданып, бұл екінші дәрежелі геморрагиялық шокқа әкелген. Жарақат денсаулыққа ауыр зиян ретінде сараланған.
Сотта жәбірленуші мас болғанын, жанжалды өзі тудырғанын және соққы сәтін байқамағанын мойындады. Ол шабуыл жасаған адам жедел жәрдем шақырып, көмектесуге тырысқанын айта келе, оны кешіргенін, ешқандай талабы жоқ екенін және бас бостандығынан айырмауды өтінгенін жеткізді. Айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді.
Сот ер адамды денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп тауып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Алайда кінәні мойындау, өкіну, бұрын сотталмағаны, жәбірленушіге көмек көрсету және оның айыпталушыны колонияға жібермеу туралы өтінішін ескеріп, жаза шартты түрде тағайындалды.


