Әлеуметтік желілерде Атырауда ер адамды қатаң ұстау видеосы тарады. Ол 13 қазанда полиция әрекетіне наразылық білдіріп, тікенді сыммен қоршалған металл қоршауға өрмелеп шыққан. Оқиғаны облыстық полиция департаменті түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ақ Жайық» басылымының дерегінше, бәрі Атырау тұрғынының әйел адаммен жанжалынан басталған. Кейін ол екі жолдасымен пневматикалық қару алып, анықтасуға барған.

Әңгіме тұйыққа тірелген соң, ер адамдардың бірі қарсыласына пневматикалық тапаншадан үш рет оқ атқан. Алайда атыспен шектелмеді. Төбелес басталып, оған суық қару да қолданылды.

Кейін екі жолдас сот үкімімен нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, ал видеодағы ер адам сол іс бойынша куәгер ретінде өткен.

«Ақ Жайық» дереккөзінің айтуынша, екі сотталушы шартты жазамен құтылам деп ойлаған, бірақ жарияланған үкім оларды қатты таңқалдырып, бұрын үндемей жүрген жайттарын айта бастаған.

Олардың сөзінше, бүкіл анықтасудың бастамашысы сол куәгер болған. Дереккөздің айтуынша, жолдастар әуелде оның рөлін жасырған, себебі ер адам бұрын ұрлық үшін сотталған, ал жаңа қылмыстық іс оған нақты мерзім әкелуі мүмкін еді. Алайда өздері сотталған соң бұл мәліметті жасыруды қаламады.

Сотталғандарды тыңдаған сот олардың серігінің әрекетіне құқықтық баға беру қажеттігі туралы жеке қаулы шығарды. Осылайша куәгер бұзақылық бабы бойынша жеке қылмыстық іс бойынша фигурант болып, қыркүйекте күдікті мәртебесін алды.

Бірақ оны жауап алуға келтіру оңай болмады. Полицияның айтуынша, ер адам тергеушінің шақыруларын елемеген. Өзі блогерлер мен журналистерге жүгініп, құқық қорғау органдарының қысымына және оны күштеп полицияға жеткізу әрекеттеріне шағымданған.

6 қазанда Самал шағын ауданында ол көпқабатты үйдің екінші қабатындағы кондиционердің сыртқы блогына өрмелеп, полицейлердің әрекетіне наразылық білдірді. Келіссөздерден кейін оны түсіріп, кейін қолхатпен босатты.

Алайда 13 қазанда оқиға жалғасын тапты. Бұл жолы ер адам тікенді сыммен қоршалған металл қоршауға өрмеледі. Оны ұстау бұрынғыдан әлдеқайда қатаң болып, видеоға түсіп қалды. Әсіресе анасының «Жоқ, жібер баланы!» деп полицейлерге жалбарынған айқайы халықты ерекше толқытты.

Бұл жолы ер адам қолхатпен құтылмады. Ол ҚР ҚПК-нің 128-бабы тәртібімен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Атырау облысының полиция департаменті екі оқиғаның да бір адамға қатысты екенін растады. Ведомство заңсыз қудалау айыптауларын жоққа шығарып, өз әрекеттерін күдіктінің тергеуден жалтаруымен түсіндірді.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Атыраудағы көпқабатты үйдің екінші қабатындағы кондиционерде отырған ер адамның видеосы пайда болған. Полиция оның қылмыстық іс бойынша күдікті екенін түсіндірді. Шақыруларға қарамастан, ер адам полицияға келуден жалтарған. Оқиғадан кейін ол бөлімшеге жеткізілді.