25 шілдеде Ақтөбе мен Қостанайда, ал түнде Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі, деп хабарлайды infohub.kz.
Қолайсыз метеожағдайлар (ҚМЖ) тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия кезінде пайда болады. Мұндай жағдайда зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналады, соның салдарынан ауа сапасы нашарлайды.
Синоптиктердің ескертуінше, ҚМЖ кезеңінде ластанған ауаның денсаулыққа кері әсер ету қаупі артады, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар үшін.
Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және температура да әсер етеді.
ҚМЖ күтілетін қалалардың тұрғындарына көшеде, әсіресе көлік қозғалысы көп жолдар мен басқа ластану көздерінің жанында уақыт өткізуді азайтуға кеңес беріледі. Балалар, қарт адамдар және жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Тыныс алу органдары, жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдар мен аллергиялық ауруларға қажетті дәрі-дәрмектерін әрқашан өздерімен бірге алып жүруге кеңес беріледі. Ашық ауадағы дене жаттығуларын шектеген немесе жабық үй-жайға ауыстырған дұрыс.
Бұған дейін «Қазгидрометте» 25 шілдеге Қазақстанның 17 аймағында 43 градусқа дейінгі күшті және аномальды ыстық, найзағай, бұршақ, екпінді жел, шаңды дауылдар және төтенше өрт қаупіне байланысты дауылды ескерту жарияланғаны хабарланды.


