6 қарашада Қазақстанның көптеген өңірінде дауылды ескерту жарияланды: синоптиктер аяз, тұман, көктайғақ және кей жерлерде қатты жел болады деп болжап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Синоптиктердің дерегінше, Астанада 6 қарашада екпіні секундына 15–20 метрге жететін жел күтіледі.
Жамбыл облысының батысында, шығысында және таулы аудандарында түнде және таңертең тұман болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, облыстың таулы аудандарында екпіні секундына 15–20 метр. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында өрт қаупі жоғары болып қалады.
Қызылорда облысында оңтүстік-шығыс жел соғып, кейін солтүстік-батысқа ауысады, облыстың батысы мен солтүстігінде екпіні секундына 15–20 метр. Облыс бойынша өрт қаупі төтенше, солтүстігінде өрт қаупі жоғары.
Павлодар облысында да тұман күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде екпіні секундына 15–18 метр.
Қостанай облысында да ауа райы осыған ұқсас болады — тұман күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, екпіні секундына 15–20 метр, кейде секундына 23–28 метр. Облыстың оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болып қалады.
6 қарашада түнде Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде аздаған жауын-шашын (жаңбыр, қар) және көктайғақ болжанады. Облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында тұман күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады: түнде облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде екпіні секундына 15–20 метр, облыстың батысында кейде секундына 25 метр; күндіз секундына 15–20 метр, облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде екпіні секундына 23–28 метр.
Синоптиктердің дерегінше, ертең Абай облысының, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары да тұман күтуіне болады. 6 қарашада Ақмола облысында екпіні секундына 15–20 метрге жететін қатты жел болады.
Алматы облысының таулы аудандарында ертең оңтүстік-шығыс жел соғады, екпіні секундына 15–20 метр. Түнде облыс бойынша 1–6 градус аяз күтіледі. Облыстың басым бөлігінде өрт қаупі жоғары болып қалады.
6 қарашада түнде Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде кейде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде тұман мен көктайғақ болады. Жел батыстан, оңтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында және оңтүстігінде екпіні секундына 15–20 метр. Облыстың оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары болып қалады.
Ертең Маңғыстау облысында өрт қаупі жоғары, облыстың орталығында өрт қаупі төтенше. Ұлытау облысында және Қарағанды облысында тұман болады. Бұл өңірлерде өрт қаупі жоғары болып қалады.
6 қарашада Атырау облысында кейде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Түнде және таңертең облыстың батысы мен оңтүстігінде тұман болады. Жел солтүстік-батыстан соғып, оңтүстік-батысқа ауысады, облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында екпіні секундына 15–20 метр. Облыстың батысында, шығысында және орталығында өрт қаупі төтенше болып қалады.
Сондай-ақ ертең түнде және таңертең Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында тұман болжанады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, түнде Алакөл көлдері ауданында екпіні секундына 15–20 метр. Түнде облыс бойынша 2–7 градус аяз күтіледі. Облыс бойынша өрт қаупі жоғары, шығысында өрт қаупі төтенше.


