«Қазгидромет» синоптиктері 26 тамызда Қазақстанда ауа райының күрделі болатынын ескертеді. Елдің басым бөлігінде найзағайлы жаңбыр жауады, шығыс пен оңтүстік-шығыста қатты жауын-шашын күтіледі, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Көптеген өңірде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Таулы аудандарда түнде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болжанады. Республика бойынша жел күшейеді, солтүстік пен шығыста түнде және таңертең тұман түседі. Ал Маңғыстау облысында күндіз ауа +38…+39 градусқа дейін жылынады, Қостанай облысының оңтүстігінде +35 градусқа дейін жетеді.

Жетісу облысында шығыста және таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай күтіледі, түнде және таңертең тауда тұман түседі. Солтүстік-шығыс желдің екпіні 23–28 м/с жетуі мүмкін. Ақтөбе облысында күндіз солтүстік-батыс желдің екпіні 15–20 м/с болады. Жаңбыр мен найзағай түнде солтүстікте, күндіз батыста, солтүстікте және оңтүстікте күтіледі.

Қостанай облысында күндіз батыста және солтүстікте жаңбыр мен найзағай болжанады, жел 15–20 м/с дейін күшейеді. Солтүстікте түнде және таңертең тұман болуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі, солтүстік пен шығыста кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл болады. Желдің екпіні 15–20 м/с жетеді.

Алматы облысының таулы аудандарында түнде жаңбыр, қар және тұман күтіледі. Солтүстік және солтүстік-шығыс желдің екпіні 18 м/с жетуі мүмкін. Дәл осындай ауа райы Іле Алатауының тауларында, оның ішінде Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында болжанады.

Бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Төтенше өрт қаупі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ұлытау облысында, сондай-ақ Жетісу, Абай, Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының жекелеген аудандарында болжанады. Маңғыстау облысында сонымен қатар +38…+39 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.

Өте қатты жаңбыр болжамына байланысты 27 тамызға дейін Шығыс Қазақстан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында беткейлік ағынның қалыптасуы және өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. «Қазгидромет» таулы аудандардағы тұрғындар мен туристерге ауа райы жағдайын ескеріп, сақ болуды ұсынады.

Бұған дейін синоптиктер қазақстандықтарға елге бұршақ аралас жаңбыр және +8 градусқа дейін суық келетінін ескерткен болатын.