Алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. Сонымен қатар, кейбір өңірлерде аптап ыстық сақталады, деп хабарлайды infohub.kz.

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 20-22 тамыз аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Метеорологтардың мәліметінше, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі, жел күшейеді, сондай-ақ бұршақ жаууы ықтимал. Елдің солтүстік жартысында түнде және таңертең тұман түседі.

Қатты жауын-шашын 20 тамызда Қазақстанның орталығында, 21 тамызда шығысында, ал 22 тамызда солтүстік-батысында және елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда күтіледі.

Батыс өңірлерде және республиканың оңтүстік-шығысында аптап ыстық сақталады: күндіз термометр бағандары +30...+38 градусқа жетеді, ал Маңғыстау облысының кейбір аудандарында +41 градусқа дейін көтеріледі.

Қалған аумақтарда температуралық фонда айтарлықтай өзгеріс күтілмейді. Қостанай облысында температура +20...+30 градус, солтүстік облыстарда +17...+28 градус, орталық және шығыс өңірлерде +17...+30 градус болады. Қазақстанның оңтүстігінде күндізгі температура +30...+38 градус аралығында болады.