Синоптиктер 15-17 тамыз аралығында Қазақстанның барлық дерлік аймағында ауа температурасының төмендейтінін болжап отыр, деп хабарлайды infohub.kz.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты республиканың басым бөлігінде жаңбыр, найзағай, екпінді жел және бұршақ жауады. Тек елдің батысында және Қызылорда облысында жауын-шашынсыз болады. Сонымен қатар, батыста, солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Қатты жаңбыр 15 тамызда Қостанай облысында, 15-16 тамызда Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында, 16 тамызда Павлодар облысында өтеді.
Ал температураға келер болсақ, елдің батысында күндіз 18-26 жылылықтан 25-33 жылылыққа дейін көтеріледі. Ақтөбе облысында айтарлықтай өзгеріс күтілмейді: негізгі фон 20-30 жылылықты құрайды.
Температураның төмендеуі келесі аймақтарда күтіледі:
Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде — 15-20 жылылықтан 7-12 жылылыққа дейін, күндіз — 20-30 жылылықтан 15-20 жылылыққа дейін.
Ақмола және Павлодар облыстарында түнде — 15-20 жылылықтан 10-15 жылылыққа дейін, күндіз — 30-35 жылылықтан 17-25 жылылыққа дейін.
Орталық және шығыс аймақтарда аптап ыстықтың басылуы күтіледі. Бұл аймақтардың оңтүстігінде күндізгі температура 40-41 жылылықтан 23-33 жылылыққа дейін төмендейді.
Қазақстанның оңтүстігінде 38-44 градустық аптап ыстық 30-37 жылылыққа дейін басылады.
Елдің оңтүстік-шығысында температура 40-43 жылылықтан 30-36 жылылыққа дейін төмендейді.


