Қазақстандық 127 мыңға жуық талапкер білім гранттарын алуға конкурсқа өтініш берді, деп хабарлайды infohub.kz.

Биыл бакалавриатта оқуға 75 мыңнан астам грант бөлінді. Оның 60 пайызы инженерлік бағыттарға, 20 пайызы педагогикалық мамандықтарға, тағы 20 пайызы еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, басқа салаларға арналған. Бірнеше жыл қатарынан ең танымал мамандықтар – инженерлік, өңдеу және құрылыс, педагогикалық ғылымдар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.

«Бір гранттық орынға ең үлкен бәсеке болашақ аудармашылар, дипломаттар, заңгерлер, психологтар және мұғалімдер арасында күтіледі», – деп ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде атап өтті.

Гранттарды тағайындау туралы шешімді республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және қоғам қайраткерлері кіреді. Грант иелерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады, ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.