Әуежайда немесе ұшақ бортында абайсызда айтылған бір ауыз сөз қазақстандықтарға 21 млн теңге айыппұл немесе бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын әкелуі мүмкін. Тыйым салынған сөздер туралы Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитеті ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомство «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару», «басып алу» деген сөздер қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін екенін атап өтті. Ықтимал қауіп туралы кез келген ақпарат байыпты қабылданады, ал экипаж бен авиациялық қауіпсіздік қызметтері белгіленген тәртіп бойынша әрекет етуге міндетті.

«Бұл шамадан тыс реакция болып көрінуі мүмкін, бірақ авиация үшін олай емес. Экипаж бұл әзіл, ауыздан шығып кеткен сөз немесе нақты қауіп туралы ақпарат па — құлақпен анықтай алмайды», — деді Азаматтық авиация комитетінде.

Кез келген абайсыз сөзден кейін авиациялық қауіпсіздік шараларының тұтас кешені іске қосылады: ұшақ пен багажды тексеру, арнайы қызметтерді шақыру, жолаушыларды эвакуациялау немесе әуежайға кіруді шектеу.

Нәтижесінде кездейсоқ әзіл әуе кемесін ауыстыруға, рейстің кейінге шегерілуіне және әуежай мен авиакомпания үшін қосымша шығындарға әкелуі мүмкін.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасау 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде (21,6 млн теңге) айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына, бас бостандығын шектеуге немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Бұған дейін «Курсив» халықаралық әуежайлардың ұшу билеттерінде қазақстандықтарға ұшақ бортында бомба туралы әзіл үшін қылмыстық жауапкершілік туралы еске салатын жаднамалар орналастырыла бастағанын жазған болатын.