Болгарияда Austrian Airlines әуекомпаниясының Тель-Авивтен Венаға бет алған ұшағы шұғыл қонды: бортта бомба бар деген анонимді хабарлама түскен, деп жазады infohub.kz сайты.
Израильдің Ynet басылымының мәліметінше, ұшақ бортында Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлеуі тиіс жастар делегациясы болған.
Оқиға туралы жергілікті KAN News басылымы хабарлады. «Жексенбі күні кешке Бен-Гурион әуежайынан Венаға ұшқан Austrian Airlines ұшағы бортта бомба болуы мүмкін деген күдікке байланысты Болгарияның София қаласына жоспардан тыс қонды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — делінген жарияланымда.
Кейінірек Austrian Airlines кіретін Lufthansa Group болған жайт туралы ақпаратты растады: ұшақ шынымен де қауіп туралы хабарламаға байланысты қонған. Тасымалдаушы тексерулер аяқталған соң барлық жолаушыларды Венаға балама рейспен жіберетінін қосты.
«Бортта 51 жолаушы және экипаждың алты мүшесі болды. Тексерулер аяқталған соң жолаушылар қысқа мерзімде балама рейспен жіберіледі», — деп уәде етті компанияда.
Болгария Көлік министрлігі экипаж жарылыс қаупі туралы хабарлама алып, Румыния шекарасына жақын Софияда шұғыл қонуға шешім қабылдағанын мәлімдеді.
Еске салайық, 30 қыркүйекте Дубай — Тель-Авив рейсінің ұшағы бортында төтенше жағдай орын алған. Boeing 737 Сауд Арабиясы үстінен бұрылыс жасау кезінде апаттық жағдай туралы сигнал берген. Ол ұшақты ұрлау немесе заңсыз араласу дегенді білдіретін 7500 кодын жіберген. Израиль Әскери-әуе күштерінің истребительдері лайнерге қарай әуеге көтерілген. Израильде Flydubai ұшқышы ұшақты Тель-Авив әуежайында апатқа ұшыратпақ болғанын мәлімдеді. Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац болған жайтты борттағы теракт жасау әрекеті деп атады. Сондай-ақ теракт жасауға әрекет жасады деп күдіктелген ұшқыштың есімі мен азаматтығы белгілі болды. Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас прокуратурасы да оқиғаны теракт жасау әрекеті деп таныды.


