Алматы облысы Түрген ауылында бірнеше апта бұрын қатты жаңбырдан кейін өзеннің арнасынан асып кетуі салдарынан қираған авариялық көпірді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарын үш ай ішінде аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды infohub.kz.
Анықталғандай, көпір 2024 жылы-ақ авариялық деп танылған. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанды арнайы аралап, құрылыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта нысанда төрт бірлік техника жұмылдырылған, жұмыстарды оннан астам маман атқаруда. Көпір құрылысы бір апта бұрын басталған, бұзу жұмыстары толық аяқталды, бұрғылау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мердігердің айтуынша, нысанды қараша айында толық пайдалануға беру жоспарлануда.
«Бұл көпір тұрғындар үшін де, туристер үшін де маңызды. Сондықтан жұмыс сапасы мен құрылыс мерзімін сақтауға ерекше көңіл бөлу қажет. Жобаны іске асырудың әрбір кезеңінде барлық техникалық талаптар қатаң орындалуы тиіс», — деп атап өтті өңір басшысы.
Бұған дейін сел салдарынан Түрген өзені Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Ассы үстіртіне дейінгі жолды шайып кеткені хабарланған болатын. Құтқарушылар Түрген шатқалынан 42 адамды, оның ішінде үш баланы эвакуациялады.


