2026 жылдың алғашқы алты айында қазақстандық автокөлік иелері техникалық қызмет көрсету және жөндеу станцияларына 179,6 млрд теңге жұмсаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25%-ға артық, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ал инфляцияны есептемегенде, нақты көрсеткіш небәрі 8,1%-ға өскен. Яғни, айналымның өсуінің басым бөлігі қызмет бағасының қымбаттауына байланысты.

2026 жылдың маусымында автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу бір жыл бұрынғыдан орта есеппен 13,5%-ға қымбаттаған. Жыл басынан бері баға тағы 7,5%-ға өскен, ал ең үлкен секіріс сәуірде тіркелген — бір айда 4,6%-ға.

Бір жыл ішінде СТО қызметі ең қатты Павлодар облысында қымбаттаған — 76,5%, Ұлытау облысында — 21,5%, Маңғыстау облысында — 20%, Жетісу облысында — 18,6%, Абай облысында — 17,9% және Қостанай облысында — 17,5%.

Ірі қалалар арасында баға өсімі бойынша Алматы көш бастап тұр — қызмет 15,2%-ға қымбаттаған. Астанада өсім 13,6% болса, Шымкентте бір жыл ішінде баға өзгермеген.

2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық автосервистердің қызмет көлемі 435,3 млрд теңгеге жеткен. Алматыға 139,3 млрд теңге, Астанаға 73,1 млрд, Атырау облысына 34,9 млрд теңге тиесілі. Бұл аймақтар бірге нарықтың 56,8%-ын қамтамасыз еткен.

Ел бойынша шамамен 8,9 мың СТО мен автосервис жұмыс істеген. Ең көбі Алматыда (шамамен 1,3 мың), Қарағанды облысында (919) және Астанада (767).

2020 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда СТО қызметінің көлемі шамамен 4,3 есе өскен.