Қазақстанның 30-дан астам тұрғыны автокөліктерін автосалон арқылы сатпақ болып, алаяқтықтың құрбаны болды. Көлік иелері нарықтық бағамен тез сатылады деген уәдеге сеніп, көліктерін компанияға тапсырған. Алайда ақша да, көлік те алмаған. Компания қызметкерлері байланысқа шықпай кеткен. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Зардап шеккендердің айтуынша, олар көлікті қысқа мерзімде бағасын төмендетпей сатамыз деген компанияға жүгінген. 30-дан астам адам көліктерін автосалонға қалдырған. Бірақ біраз уақыт өткен соң кеңсеге келгенде, қызметкерлер де, көліктер де жоқ болып шыққан.
Көлігінен айырылғандардың бірі Асхат Қарақұл былай деді: «Мен бұл компанияны әлеуметтік желіден таптым. Көлікті 12,2 миллион теңгеге сатып, үш-төрт күн ішінде ақшасын аударамыз деп уәде берді. Кейін келісімшартта 14 күн деп жазылған деп сөзбен ғана айтып, уәделермен тоқтатты. Бұл бірнеше ай бұрын болған!»
Зардап шеккендердің айтуынша, көліктерді тапсырғаннан кейін келесі күні-ақ оларды фирма директорының атына қайта тіркеген. Кейбір көліктер бірнеше рет сатылған немесе ломбардқа қойылған. Кейбірі әлі де автосалонда тұр, бірақ иелері оларға қол жеткізе алмай отыр. Көлік иелері зардап шеккендердің саны одан да көп болуы мүмкін деп есептейді.
Зардап шеккендер залалды өтеуді сұрап, құқық қорғау органдарына жүгінген. Полиция күдіктілердің ұсталғанын хабарлады. Алматы облысы Полиция департаментінің өкілі Ернар Сайдильдин былай деді: «Бұл фактіге қатысты полиция қызметкерлері аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Тергеудің толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігін қамтамасыз ету үшін арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында».


