Ұзақ жұмыс күнінен кейін кешке аяқтың ісінуі әрдайым тамырлардағы ақаулықты білдірмейді — кейде себебі организмдегі басқа да бұзылыстарда жатады. Бұл туралы әлеуметтік желілердегі парақшасында астаналық ангиохирург Фархад Адылханов айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дәрігердің айтуынша, аяқ үнемі ісінетін болса, ісінуді кетіруге тырысқаннан гөрі оның неден пайда болатынын анықтау маңызды.

«Аяқтың ісінуі — бұл диагноз емес, симптом. Себебі тамырларда, жүректе, бүйректе, эндокриндік жүйеде және т.б. болуы мүмкін», — деді маман.

Жүрек ісінулері. Жүрек жұмысы бұзылғанда ісіну әдетте екі аяқта да пайда болады. Олар ентігумен қатар жүруі мүмкін, мысалы, баспалдақпен көтерілгенде.

Бүйрек ісінулері. Бүйрек ауруларында ісіну жиі таңертең байқалады. Ол тек аяқта ғана емес, бет пен қабақта да пайда болуы мүмкін. Дәрігер тағы бір ықтимал белгі ретінде зәр шығарудың өзгеруін атайды.

Эндокриндік ісінулер. Мүмкін нұсқалардың бірі — қалқанша безінің қызметі төмендеуінен (гипотиреоз) болатын ісіну. Мұндай ісінулер көбінесе тығыз болып, басқанда батып кетпейді. Олар гипотиреоздің басқа белгілерімен қатар жүруі мүмкін: үсіну, терінің құрғауы, әлсіздік, салмақ қосу және беттің ісінуі.

Веноздық ісінулер. Тамырларда ақаулық болғанда ісіну әдетте кешке күшейеді, әсіресе ұзақ тұрғаннан немесе отырғаннан кейін. Түнгі демалыстан немесе аяқты көтергеннен кейін олар, әдетте, азаяды.

«Веноздық ісінулер жиі веноздық белгілермен қатар жүреді: варикозды тамырлар, аяқтың ауырлығы», — деп атап өтті ангиохирург жазбасында.

Веноздық ісінулер созылмалы болуы мүмкін, мысалы, варикоз ауруына байланысты, немесе жедел — тамырдың тромбпен бітелуінен туындайды. Тромбоз кезінде ісіну жиі бір жақта пайда болады.

Осылайша, ісінудің себебін болжау үшін оның пайда болу уақытын, айқындылығын, басқа симптомдардың бар-жоғын және демалыстан кейін жағдайдың қалай өзгеретінін ескеру керек.

Егер ісіну үнемі қайталанатын болса, тамыр хирургіне қаралып, тамырларға УДЗ жасату керек.

Бұған дейін Kursiv Health физиотерапевт маманының кеңестерімен бөліскен болатын: мойын қысылғанда нақты не істеуге болмайды.