Қазақстандық жеңіл атлетші Аяна Болатбекқызы Жапониядағы Азия ойындарына қатысудан допинг сынамасының оң нәтижесінен кейін уақытша шеттетілді. Бұл туралы Халықаралық тестілеу агенттігі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Тыйым салынған зат спортшының 27 қыркүйекте Нагояда жарыс кезіндегі бақылау барысында алынған сынамасынан табылды. Сөз дростанолон метаболиті — Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) жарыс кезінде де, маусымаралық кезеңде де толық тыйым салатын синтетикалық анаболикалық стероид туралы болып отыр.
Шешім дереу күшіне енді. Ресми тергеу аяқталғанша 19 жастағы жүгірушіге Айти мен Нагоядағы Ойындар аясында жарысуға, жаттығуға, жаттықтырушылық қызметпен айналысуға немесе кез келген басқа қатысуға тыйым салынған.
Қазіргі кезеңде шешім алдын ала сипатта. Болатбекқызы допинг сынамасының B үлгісін ашып талдауды сұрауға, сондай-ақ Спорттық арбитраж сотының Допингке қарсы бөлімшесінде (CAS ADD) уақытша шеттетуге шағымдануға құқылы.
Бұған дейін «Курсив» Азиада-2026-ның марафондық спорттық жүру жарысындағы алтыннан қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева айырылғанын жазған.
27 қыркүйекте Тоқсанбаева марафондық спорттық жүру қашықтығын 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижемен бірінші болып еңсерді. Қазақстандық жарысушы ең жақын қарсыласынан шамамен төрт минут озып, бастапқыда жарыс жеңімпазы деп жарияланды.
Мәреге жеткеннен кейін техникалық делегаттар ерлер мен әйелдер турнирлерінің үш жүлдегерінің аяқ киімін тексерді. Тоқсанбаеваның кроссовка үлгісі World Athletics мақұлдаған тізімде жоқ екені анықталды. Аяқ киімнің суреттері мен қажетті ақпарат халықаралық федерацияға жіберіліп, марапаттау рәсімі ресми қорытынды келгенше кейінге қалдырылды.
World Athletics кейін қазақстандық пайдаланған үлгінің қолданыстағы талаптарға сай еместігін растады. Халықаралық федерацияның ережелеріне сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылады, содан кейін жарыстың қорытынды хаттамасы түзетіледі.
Жарыс аяқ киіміне қойылатын талаптар World Athletics Кеңесінің 2026 жылғы 19 наурыздағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірде күшіне енді. Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиадалық комитетінің нақтылауынша, өзгерістер туралы ақпарат барлық ұлттық федерацияларға жіберілген.


