Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы допинг сынамасының оң нәтижесінен кейін Жапониядағы Азия ойындарына қатысудан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тиісті мәлімдемені Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) жариялады. Құжатта көрсетілгендей, спортшының сынамасы дростанолон метаболиті — 3α-гидрокси-2α-метил-5α-андростан-17-онның болуына қатысты қолайсыз аналитикалық нәтиже берді.
«Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі (ITA) Азия Олимпиадалық кеңесінің (OCA) атынан қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызының сынамасы дростанолон метаболиті — 3α-гидрокси-2α-метил-5α-андростан-17-онның болуына қатысты қолайсыз аналитикалық нәтиже бергенін хабарлайды», — делінген ITA мәлімдемесінде.
Агенттік дростанолон спецификалық емес субстанция ретінде жіктелетінін және жарыс кезінде де, жарыстан тыс та кез келген уақытта тыйым салынғанын түсіндірді.
«Спортшы бұл іс туралы хабардар етілді және іс Дүниежүзілік допингке қарсы кодекске және OCA-ның допингке қарсы ережелеріне сәйкес шешілгенге дейін дереу күшіне енетін жарыстарға қатысудан уақытша шеттетілді. Бұл спортшыға Азия ойындары кезінде өнер көрсетуге, жаттығуға, жаттықтырушылық қызметпен айналысуға немесе қандай да бір қызметке қатысуға тыйым салынғанын білдіреді», — деп хабарлады ұйымда.
Спортшы уақытша шеттету енгізуге Спорттық арбитраж сотының — Допингке қарсы бөлімінде (CAS ADD) шағымдануға құқылы. Сондай-ақ ол B сынамасын талдауды талап етуге құқылы.


