Қазақстанда қиын өмірлік жағдайға тап болған әйел-курьерлерге атаулы әлеуметтік қолдау көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Олар заңгерлік және гуманитарлық көмекке сене алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Yandex Qazaqstan компаниясы және «Іскер» қолдау орталығы» қоғамдық қоры бастаманы іске қосу туралы меморандумға қол қойды. Көмек Yandex Go қосымшасындағы «Еда», Lavka және «Доставка» сервистері арқылы тапсырыстарды орындайтын және қиын немесе дағдарыстық жағдайға тап болған әйелдерге арналған.
Жобаға Yandex сервистері арқылы кемінде төрт апта қатарынан курьер болып жұмыс істейтін және бағдарлама талаптарына сәйкес келетіндер қатыса алады. Өтінімдерді қарау кезінде әлеуметтік осал санаттарға басымдық беріледі: жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар әйелдер, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, сондай-ақ ауыр науқас отбасы мүшелеріне күтім жасайтындар. Дегенмен, бұл санаттарға жататындық көмекті автоматты түрде алуға кепілдік бермейді — шешім нақты жағдай мен отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, жеке қабылданады.
Жоба аясында әйелдерге әлеуметтік қызметтер мен мемлекеттік қолдау шараларын алуға көмектеседі. Сондай-ақ заңгерлік және психологиялық көмек, гуманитарлық көмек, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру, білім беру және ақпараттық бағдарламаларға қол жеткізу, негіздер болған кезде медициналық көмек алуға жәрдемдесу қарастырылған. Көмектің түрі мен көлемі жеке анықталады.
Қатысу шарттары мен өтінім беру тәртібі туралы ақпарат «Яндекс Про» қосымшасындағы «Негізгі ынтымақтастық туралы» бөлімінде, «Әйел-курьерлерге көмек» мақаласында қолжетімді. Сондай-ақ тиісті сервистің қолдау қызметіне хабарласуға болады.
Жобаны іске қосу туралы құжатқа еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Yandex Qazaqstan компаниялар тобының жетекшісі Тимур Шәлекенов және «Іскер» қолдау орталығы» қорының директоры Толқын Сәметова қол қойды. Жоба пилоттық режимде іске қосылды, оның қорытындысы бойынша тараптар мұндай қолдаудың сұранысқа иелігін және бағдарламаны одан әрі дамыту мүмкіндігін бағалайды.
Бұған дейін Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге клиенттермен кәсіби қарым-қатынас жасау бойынша тегін онлайн-курс іске қосылғаны хабарланған болатын.


