2 қыркүйектен бастап №81/82 Тальго "Нұрлы жол – Орал" жолаушылар пойызында әйелдер вагоны пайда болады. Бұл қызметке сұраныстың жоғары болуына байланысты осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Пойыз елорда мен Батыс Қазақстан облысы арасында күнара қатынайды, тоғыз аялдама қарастырылған. Жаңа вагон іске қосылғаннан кейін "Әйелдер вагоны" қызметі бар бағыттар саны 13-ке жетеді. Қазіргі уақытта мұндай вагондар келесі бағыттарда бар: Алматы – Маңғыстау, Алматы – Өскемен, Павлодар – Түркістан, Маңғыстау – Семей, Атырау – Нұрлы жол, Алматы – Ақтөбе, Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Шымкент, Ақтөбе – Алматы, Алматы – Шымкент, Нұрлы жол – Семей және Орал – Маңғыстау.
Әйелдер вагонында тек әйелдер және ересектердің ертіп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балалар ғана жүре алады. Билеттерді теміржол кассаларынан немесе тасымалдаушының ресми сайтынан "ЖН" белгісіне назар аударып сатып алуға болады. Сатылым жөнелтуге 45 тәулік қалғанда басталады.


