Әзірбайжан Республикасы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде тоғыз қазақстандық әскери қызметшінің қаза табуына байланысты Қазақстанға ресми көңіл айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көңіл айту жеделхатын Әзірбайжанның Сыртқы істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жолдады. Дипломатиялық ведомство болған қайғылы оқиғаға қатты күйзелгенін білдіріп, қаза тапқандардың отбасыларына, сондай-ақ Қазақстан халқы мен үкіметіне көңіл айтты.
«Құдай қаза тапқандардың жанын жәннатта етсін, отбасыларына осы ауыр кезеңде күш пен сабыр берсін. Әлі де хабар-ошарсыз кеткендердің аман-есен табылуына үміттенеміз, ал жарақат алған әскери қызметшіге тезірек сауығып кетуін тілейміз», — делінген Әзірбайжан СІМ хабарламасында.
Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосановқа бөлек көңіл айту жеделхатын әзірбайжандық әріптесі — генерал-полковник Закир Гасанов жолдады.
«Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде суға кеткен тоғыз әскери қызметшінің қаза табуы, бір әскери қызметшінің жарақат алуы және жеті адамның хабар-ошарсыз кетуі туралы хабарды естіп қатты күйзелдім. Осы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын, жарақат алған әскери қызметшіге тезірек сауығып кетуін тілеймін. Іздестіру-құтқару операцияларының оң нәтижемен аяқталуына үміттенемін. Құдай қаза тапқандардың жанын жәннатта етсін. Аллаһ рахмет етсін!» — деп келтіреді көңіл айту мәтінін Day.Az.
Еске салайық, төтенше оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Каспий теңізі жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезінде болды: теңізге 19 әскери қызметшіні ағызып әкетті. Қазақстан Қорғаныс министрлігінің дерегінше, тоғыз адам қаза тапты, үшеуін құтқарып қалу мүмкін болды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған жеті әскери қызметшіні іздеу жалғасуда.
Әскерилердің қаза табуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бас прокуратура болған оқиғаның мән-жайын анықтайтын жедел-тергеу тобын құрды.


