Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Өзбекстанның екі спортшысы допинг-бақылаудан өте алмай, турнирден шеттетілді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Sports.kz дерегінше, Өзбекстандық аралас жекпе-жек (ММА) шебері Нодирбек Шавкатовтың антидопинг ережелерін бұзғаны туралы алғашқы ақпаратты Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) мәлімдеді. 22 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс допинг-бақылау барысында алынған сынамадан мельдоний табылды.
Шавкатов іс шешілгенше уақытша шеттетілді. Шеттету мерзімінде спортшыға Азия ойындары-2026 аясында жарыстарға қатысуға, жаттығуға, жаттықтырушылық қызметпен айналысуға және кез келген басқа да қызметке тыйым салынған.
Спортшы уақытша шеттетуді Спорттық арбитраж сотының Антидопинг бөліміне (CAS ADD) шағымдануға, сондай-ақ B сынамасын талдауды сұрауға құқылы. Ол бұған дейін жарыстың қола жүлдегері атанғаны атап өтілді.
Sportarena.kz дерегінше, Өзбекстанның тағы бір спортшысы допинг-бақылаудан өте алмады: каноэмен есуші Павел Эйгельдің сынамасы триметазидинге қатысты қолайсыз аналитикалық нәтиже берді.
Бұл зат жарыс кезінде де, жарыстан тыс кезеңде де тыйым салынғаны және спецификалық емес тыйым салынған субстанцияларға жататыны атап өтілді. Сынаманы ITA мамандары 2026 жылғы 23 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс допинг-бақылау аясында алды.
Спортшы анықталған бұзушылық туралы хабардар етіліп, тергеу аяқталғанша уақытша шеттетілді. Ол да шеттетуге шағымдана алады.


