Соңғы аптада Қазақстандағы негізгі азық-түлік тауарлары 0,1%-ға арзандады, алайда жылдық көрсеткіште олар әлі де 2,1%-ға қымбат. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 12-19 тамыз аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) орта есеппен 0,1%-ға қолжетімді болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Апта ішінде бағаның ең көп төмендеуі пиязға тіркелді – ол 4,9%-ға арзандап, килограммына 188 теңге болды. Картоп бағасы 4,1%-ға төмендеп, орташа құны 248 теңге/кг құрады. Сондай-ақ алма бағасы 2,7%-ға (776 теңгеге дейін), ақ қырыққабат 2,2%-ға (185 теңгеге дейін), сәбіз 1,9%-ға (255 теңгеге дейін), қияр 1,5%-ға (480 теңгеге дейін), қызанақ 0,4%-ға (530 теңгеге дейін) және қой еті 0,6%-ға (кг үшін 4 498 теңгеге дейін) арзандады.
Сонымен қатар, кейбір өнімдер қымбаттады. Тартылған ет бағасы 0,5%-ға өсіп, орта есеппен 4 294 теңге/кг болды, сүйексіз сиыр еті де 0,5%-ға (4 977 теңгеге дейін), ал сүйекті сиыр еті 0,4%-ға (3 795 теңгеге дейін) қымбаттады.
Жылдық көрсеткіште әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары орта есеппен 2,1%-ға қымбаттаса, жалпы инфляция тамыз басында 10,2% құрады. Бұл ретте кейбір өнімдер арзандады: күріш – 3,7%-ға (орта есеппен 537 теңге/кг), алма – 9,6%-ға, ақ қырыққабат – 0,7%-ға, қияр – 41%-ға, қызанақ – 16%-ға.
Жыл ішінде қымбаттаған өнімдердің ішінде қой еті (+23,9%), сәбіз (+23,7%) және картоп (+21,7%) ерекшеленеді.
Айта кету керек, барлық көрсетілген бағалар Қазақстан бойынша орташа мәндер болып табылады. Әр өңірде және қалада азық-түлік бағасы айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін, бұл ӘМАТ бағасының жалпы өсіміне де қатысты.
Еске салайық, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 өнім кіреді. Олардың бағасы апта сайын бақыланып, мемлекет тарапынан реттеледі.


